«Парктер шеруі» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен Арал қаласындағы №260 орта мектебінде «Жасыл әлем – жарқын болашақ» атты жас экологтар сайысы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық білімін тереңдету, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыру болды. Сайыс барысында мектеп оқушылары экология саласындағы білімдерін ортаға салып, түрлі танымдық және шығармашылық кезеңдер бойынша бақ сынады. Қатысушылар табиғатты қорғау, қоршаған ортаның ластануының алдын алу, биоалуантүрлілікті сақтау сияқты маңызды тақырыптарда өз ойларын білдіріп, белсенділік танытты. Шара аясында оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жас экологтар өз жобалары мен идеяларын ұсынып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған пікір алмасу өтті. Мұндай байқаулар жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың экологиялық сауаттылығын көтеруге және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.










