Атауы: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі  

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының негізі 1929 жылы бағалы аң терісін өндіретін қорғалым ретінде қаланған. 1939 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің №973 шешімі бойынша қорық статусы берілген. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – Тұран шөлейттерінің солтүстік және орташа аймақшалық типіне кіретін экожүйелерді қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір қорық. «Барсакелмес» учаскесінің ұзақ уақыт бойы арал ретінде шектеуленуі өсімдіктер қауымдастығының толыққанды флористикалық құрамы және экологиялық жағдайлардың табиғи балансы, тұрақты құрылымымен өзінің антропогендік-аналогтарынан ерекшеленетін түпкілікті экожүйелерінің байырғы қалпында дерлік сақталуына септігін тигізді.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі 2005 жылдың 25-қарашасында Үкіметтің №1162 қаулысымен Арал теңізінің кепкен табаны мен шығыс жағалауларындағы бұрынғы аралдары қосылып 160826 гектарға ұлғайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі Сырдария өзенінің  Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 га) қосу арқылы ұлғайды.

2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағадарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Әлемдік жүйесіне енді (сертификаты қосымшада). Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО мойындаған 6-шы биосфералық резерват болып табылады.

 

Қазіргі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы үш кластерлік учаскеден құралған, қорық аумағы - 163126 гектар, күзет аймағы – 52 160,54 га.

«Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы және оған жалғас жатқан Арал теңізінің кепкен табанын алып жатыр, көлемі 50884 га. Бұл учаске 2 бақылау-шолу аумағынан тұрады. 

«Қасқақұлан» учаскесіне Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалауы және аралдары кіреді, көлемі 109942 га. Бұл учаске 5 бақылау – шолу аймағынан тұрады. Мұнда қорықтың негізгі қорғауға алынған түрі – құландардың мекен ету аймағы және сексеуілдің табиғи үлкен тоғайы бар.

«Дельта»  учаскесі 2300 га құрайды. «Дельта» учаскесі 2012 жылдың 12 қазанында халықаралық статус алып, Рамсар конвенциясының тізіміне енген Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы 330 га құрайтын сулы-батпақты өңірлерге жатады. Зерттеушілердің мәліметтеріне сәйкес бұл аумақ 200 мыңға жуық жыл құстары мен осы жерлерде ұялайтын құстар және балықтың сирек кездесетін түрлері үшін, мысалы арал албырты және арал қаязы, маңызды.

 Рамсар тізіміне ену - халықаралық маңызды сулы-батпақты өңір атанған аумақтың құндылығын халықаралық дәрежеде мойындауды білдіреді.

 

Қорықта табиғи өсіп шыққан кең көлемде сексеуіл орманы бар. Орман қорының жалпы көлемі 60 528 га, оның ішінде орманды алқаптар - 41 361 га.

 

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында өзекті өсімдіктер флорасына 325 түрі жатады. Барсакелместе 253 түр, ал Қаcқақұланда 101 түр және Дельтада 112 түр тіркелген. Қазақстанның эндемик түрлер – 16; Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген 5 түр өсімдіктер бар. Қорық флорасында пайдалы өсімдіктер көп. Тамыр жусан, күйреуік, изен, еркек, қау, ажырық бағалы жемшөптер болып табылады. Дәрілік өсімдіктер арасында жантақ, қос масақшалы қылша, Шобер ақтікені және басқалары едәуір белгілі.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жануарлар дүниесі өте алуан түрлі. Омыртқасыздар әлімі өкілдері өте көп, тек насекомдардың (1 күндіктер, инеліктер, таракандар, таяқшалылар, айырқұйрықтылар, тікқанттылар, теңқанаттылар, қаттықанаттылар, қабыршаққанаттылар, жарғаққанаттылар, қосқанаттылар) өзінің 12 отрядтан 2000 –дай түрі кездеседі.

Қосмекенділердің кең таралған екі түрі кездеседі – жасыл құрбақа мен көлбақа. Бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі белгілі.         

Қорықта жылдың әр-түрлі мезгілінде 250 түр құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.

Сүтқоректілер фаунасы едәуір көп түрлі – 28 түр. Оның үшеуі – құлан, қарақұйрық, шағыл мысығы Қызыл кітапқа енгізілген. Шөл түрлері: қарсақ, құм қояны, қосаяқ, зорман, сұр атжалман, қалқанқұлақты кірпі көп кездеседі. Сонымен қатар, қасқыр мен түлкі көп таралған. Сирек жануарлардың санының өсуіне және сақталуына қорық тәртібі қолайлы жағдай туғызады.

Зоопланктондардың (қалқыма су организмдері) 85 түрі, соның ішінде 4 сирек кездесетін және 2 эндемикалық түрлері бар.

Кіші Аралда кездесетін 22 балық түрінің 18 түрі кәсіптік және 4 түр Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін түр.

 

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының әкімшілік ғимараты Қызылорда облысы, Арал қаласы, Ж. Әлімбетов көшесі, №1 үйде орналасқан. Байланыс телефондары: 8 724 332 14 66. Электрондық мекен-жай: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра..