Шибөрі (лат. Canis aureus) – ит тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі.

Дене тұрқы 71 – 82 см, бойы 45 – 50 см, құйрығының ұзындығы 22 – 23 см, салмағы 7 – 13 кг, пішіні қасқырға ұқсас, бірақ одан екі есе кіші, түсі жирен сұрғылт. Орталық Африкадан бастап Орта Шығыс, Еуропаның оңтүстік-шығысында таралған. Кавказ, кейде Молдавияда, Орта Азияда, Сырдарияның орта тұсынан оңтүстікке қарай кездеседі. Шиебөрі өзен, көл бойындағы тоғайлы, қамысты жерді мекендейді, кейде шөлде, тау бауырында, ел мекеніне жақын жерде де кездеседі. Жемін (қоян көжегі, тышқан, кесіртке, жылан, бақа, жәндіктер, жануар өлексесі, әр түрлі жеміс, қарбыз, қауын, т.б.) аулауға ымыртта шығады, кейде күндіз де қорек іздейді.

Шибөрілер үйірлер деп аталатын топтарда өмір сүреді. Бір үйір ата-аналар жұбы мен олардың балаларынан тұрады. Олар бірге тұрып, бірге шабуылға шығады. Отбасы, әдетте, күндіз үңгірлерде немесе ағаш бұтақтарының арасында жапырақтардың астында жасырынып жатып, түнде қорек іздеп шығады.