Сұр тырна (лат. Grus grus) - саны үздіксіз кеміп бара жатқан кең тараған түр.
Қазақстанның солтүстігіндегі орманды - далалы аудандарда көптеп, ал республикамыздың оңтүстік - шығысындағы өзен алқаптарында өте сирек кездеседі. Қамыс пен құрақ қалың өскен таяз өзендер мен көлдердің батпақты учаскелерін мекендейді. Саны анықталмаған, оның кеміп бара жатқаны ғана белгілі.
Сұр тырна - кәдімгідей (салмағы 4-7 кг, қанатының алымы - 2-2,2 м) тырналардың бірі. Қанатының ұштары қошқыл, сұр құс. Маңдайын, ноқтасын және төбесін сирек қылтанақты қошқыл тері қаптаған, желкесінде қызыл тақыр теңбілі болады. Көзден басталып бастың екі жағымен жалпақ ақ жолақ созылады, мойнының алдыңғы жағы қошқыл сұр түсті. Аяғы - қара, тұмсығы - ұшы жылтыраған зәйтүн өңді қоңыр.
Сұр тырналарды ұшып өту кезінде Қазақстанның кез келген жерлерінен кездестіруге болады. Олар әйгілі «үшбұрыш» жасап, 500-ден 2000 метрге дейін өте биік әуелеп, мезгіл - мезгіл траулаған дыбыс шығарады. Сонымен бірге «үшбұрыш» алдындағы топ басшысы мезгіл-мезгіл алмасады. Көктемде - наурыз - сәуірде пайда болып, күзде - қыркүйек - қазанда жоқ болып кетеді. Қазақстанның қызыл кітабына тіркелген.
https://barsakelmes.kz/kz/bioaluant-rlilik/zhanuarlar-d-niesi/star/1138-s-r-tyrna.html#sigFreeId8540e32e05