Джек-дуадақ (лат. Chlamydotis macqueenii) - сирек кейбір жерлерде жиі кездесетін, қоныс аударып ұя салатын құс. Сазды, тасты және сортаңды шөлдер мен шөлейттерді, сондай-ақ тұрақты құмды төбелер мен таудың шөлді етегінде мекендейді. Ұя салуға да, көктемгі және күзгі көші-қон кезінде де осындай мекендерді пайдаланады. Қорғаныс бояуы мен табиғи сақтығының арқасында джекті табиғи жағдайда көру оңай емес. Қауіпті байқаған ол жерге еңкейіп, бүйірге қарай жүгіреді. Көктемде джек наурыз-сәуір айларында кездеседі. Аталықтары ұя салатын аумақты таңдап, бір немесе бірнеше аналықты тартады. Аналығы ұяны бір өзі жасайды, жұмыртқаларды басады және балапандарды шығарады. Жұмыртқа салу сәуір немесе мамыр айының басында болады, 1-3 жұмыртқадан, балапандар мамырдың ортасы - маусымда пайда болып, шілдеде ұша бастайды.
Джек-дуадақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.