Борсық (лат. Meles) – сусарлар тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі аң туысы. Дене тұрқы 60 — 90 см, салмағы 8 — 16 кг-дай. Олардың түсі ақшыл-сұрдан қара-қоңырға дейін өзгеріп отырады. Жүні қылшықты, салалы, сирек. Тұмсығынан желкесіне дейін созылған қара жолағы бар. Бауыры, төбесі, табандары қара, аяқтарында сәл иілген, ұзын тырнақтары болады. Інде тіршілік еткендіктен, маусымдық көшуі байқалмайды. Іңір түсісімен қорек іздеуге шығады. Борсық қорек талғамайды. Ол ұсақ кеміргіштермен, құстармен, олардың жұмыртқаларымен, жыланмен, кесірткелермен, көлбақалармен, ұсақ жәндіктермен, жеміс және бақша дақылдарымен де қоректенеді. Күзге қарай бойына май жинайды да, қысқы ұйқыға кетеді.