Қазақстан жер ресурстарына бай болғанымен, орманға бай емес. Қазақстанның жалпы аумағында орман және бұталар алып жатқан көлем небары 4,2%-ды құрайды. Оңтүстігінде көпшілік бөлігін сексеуіл алып жатыр. Ал оңтүстік-шығысындағы орман таулы орманға жатады. Еліміздің батысы мен орталық бөлігінде ауа-райы құрғақ болғандықтан, орман жоқтың қасы. Сондықтан орман қорының 80%-ға жуығы солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, оның тең жартысы Шығыс Қазақстан облысындағы қарағайлы және майқарағайлы орманға жатады.
Орман шаруашылығы– экономиканың маңызды бір саласы. Орманды алқаптарда орман қорғау шараларын тиянақты жүргізу үшін орман бірнеше телімдерге бөлінеді де, олардың әрқайсысы бір орманшыға бекітіледі. Орманшының жұмысына техникалық орман қорғау инженері басшылық етеді, бақылайды. Орман қорғау жұмысында өртке қарсы шаралардың мұқият орындалуы бақыланады. Орманды рұқсатсыз кеспеу, ағаш дайындаушылар мен пішен шабушылардың, малшылардың, т.б. орман қорын сақтау ережелерін орындауы қадағаланады. Зиянды жәндіктер мен жануарлардың, өсімдік ауруларының пайда болуы бақыланып, қажет жағдайда тиісті мекемелерге тез хабарланады, күрес шаралары ұйымдастырылады. Орманда аң аулау, оның маусымдық ережелерін сақтау бақыланады.
Таңның атысы, күннің батысы бір тыным көрмей, біздің орман байлығымызды көбейтетін және оларды ұтымды пайдалануға ықпал ететін адамдардың кәсіби мерекесі - Орманшылар Күні қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Осы орайда, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы" РММ-нің директоры Х.Қаниев мырза қорық қызметкерлерін орман қорғау ісіне қосқан үлестері үшін марапаттады. Сонымен бірге, марапаттау барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің медалі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіби одағының медальдары, құрмет грамоталары және алғыс хаттары табысталды.
Орман шаруашылығы саласындағы барлық әріптестерімізді кәсіби мейрамымен құттықтаймыз! Сіздерге үлкен белестер мен жетістіктерге жетуге тілектеспіз!
https://barsakelmes.kz/kz/zhanaly-tar/278-orman-sharuashyly-y-yzmetkerleri-k-nimen.html#sigFreeId30bc96a206