БегімАна мұнарасы

 

Бегім – Ана мұнарасы шамамен 10-12 ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылынан  оңтүстікке қарай 35 км қашықтықта орналасқан. 1979 жылы Қазақстан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының экспедициясы зерттеген. Аңыз бойынша, Бегім-Ана Жанкент әмірінің әйелі, нақақ жаланың құрбаны болған. Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылған, екі қатар күйдірілген кірпішпен (23х26х6) қапталған. Биіктігі 10,5 метр. Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегізқырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен. Орта деңгейге  (шамамен 5,5 – 6 м) дейін мұнара бағанасы тұтас, одан жоғары бөлме бар. Бұл бөлмеге шығыс жағындағы аркалы ойық арқылы кіруге болады. Қазақстанда осы тәріздес орта ғасырлық мұнаралар (Ұзынтам, Сарманқоса) көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ «Мұнаралы кесене»  деген атаумен белгілі (13 – 14 ғасырлардан кейін) мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзірбайжанда кең тараған. Бұл жағдай  осы елдерге Арал аймағын түркі тайпаларының  ығысып баруынан болуы мүмкін. 1989 жылы Бегім – Ана мұнарасы қайта өңдеуден өткізілді.
Бегім Ана - Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі.
11-ғасырдың тұсында Мәлік шахтың патшалық құрған Салжұқтар елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп, Сыр бойындағы Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді.
Бегім жаратылысынан көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды да табындырған осындай сан қырлы қасиеттері болса керек.
Санжар аңға шығып бара жатып құлын үйінде қалған қанжарды әкелуге жұмсайды. Қанжарды ұсынғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл "Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды" депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп:
"Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!" депті. Сонда Бегім жылап тұрып: "Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!" - деп зар еңірейді.
Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: "Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!" деп қарғап батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толы жылан екен. Жылан тысқа тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады.
Ал, Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім Ана белгісін салдырып: "Мұнан былай еркекті көрмеймін" деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады.