Республикалық «Парктер шеруі» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында Қазалы ауданының бірқатар мектептерінде «Қалдықты бөлек жинау арқылы экомәдениетті қалыптастыру» атты экокездесулер жүргізілді. Кездесуде Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы бас экологиялық ағарту инженері А.Есенова оқушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіріп, қоршаған ортаны қорғаудағы әр адамның жауапкершілігі туралы кеңінен әңгімеледі.
Іс-шара барысында пластик, қағаз, шыны және тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың табиғатқа тигізер оң әсері айтылып, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, оқушыларға күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастыру жолдары ұсынылып, табиғатты таза ұстауға бағытталған танымдық сұрақ-жауаптар ұйымдастырылды.
Кездесу соңында жас буын табиғатты аялау – болашаққа жасалған қамқорлық екенін ұғынып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді. Экологиялық шара оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.