Көктемнің көркем мерекесі - Қызғалдақтар фестивалі өтті.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген Борщов қызғалдағы – өңірдің флоралық байлығын айқындайтын сирек әрі әсем өсімдіктердің бірі. Бұл қызғалдақ түрі көктем мезгілінде гүлдеп, қорық аумағының табиғи келбетіне ерекше сән береді. Қорық аумағында өсетін сирек өсімдіктерді қорғау – табиғатты сақтау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі. Осы орайда, жыл сайын наурыз – маусым айлары аралығында республикалық «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы аясында танымдық іс- шаралар өткізіледі. Бұл қызғалдақтар фестивалі - табиғаттың сұлулығын насихаттап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тағылымды шаралардың бірі болды. Көктемнің шуақты мезгілінде ұйымдастырылған фестиваль қоршаған ортаны қорғаудың маңызын дәріптеп, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді байланысты айқындай түсті. Шара барысында табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және сирек кездесетін өсімдіктерді аялау тақырыптарында танымдық жұмыстар жүргізілді. Қатысушылар табиғат аясында қызғалдақ гүлдерінің суреттерін салып, олардың экожүйедегі маңызы туралы құнды мәліметтер алды. Мұндай экологиялық бастамалар табиғатты аялауға үндеп қана қоймай, өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді. Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті, ал табиғи байлықты сақтау – келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.