Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен "Парктер шеруі" және "Таза Қазақстан" экологиялық акциялары аясында №83 орта мектебінде "Түлектердің ағаш отырғызуы" атты экочеллендж өтті. Іс-шараға мектептің 11, 9 және 4 сынып оқушылары белсенді қатысып, қоршаған ортаны көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты. Шара барысында қорық қызметкерлері түрлі ағаш көшеттерін және сексеуіл көшеттерін дұрыс отырғызу, жерсіндіру және оларды күтіп-баптау жолдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, ағаш отырғызудың экологиялық маңызы, жасыл желекті көбейту арқылы табиғатты қорғауға қосылатын үлес жайында айтылды. Оқушылар тәжірибелік жұмыстарға қатысып, ағаш отырғызудың негізгі кезеңдерімен танысты. Экочеллендждің мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған өлкені көгалдандыруға белсенді қатысуға шақыру болды. Мұндай бастамалар оқушылардың табиғатты қорғау бағытындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.