Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы аумағында көктем мезгілінің келуімен Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек қызғалдақ түрлері гүлдеді.
Қорық аумағында Борщов қызғалдағы мен қосгүлді қызғалдақтың гүлдегені байқалды. Бұл өсімдіктер сирек кездесетін, қорғауды қажет ететін флора түрлеріне жатады. Олардың табиғи ортада өсуі белгілі бір экологиялық жағдайларға байланысты болғандықтан, мекен ету ортасын сақтау биологиялық әртүрлілікті қорғауда маңызды рөл атқарады.
Қызыл кітапқа енген қызғалдақтардың көктемгі гүлдеуі – табиғаттың ерекше көрінісі ғана емес, сонымен қатар қорық аумағындағы экожүйенің тұрақтылығының көрсеткіші. Табиғатты қорғау, өсімдіктер дүниесіне тұрақты мониторинг жүргізу және ерекше қорғау режимін сақтау нәтижесінде сирек өсімдіктер табиғи ортада сақталып келеді.
Борщов қызғалдағы шөл және шөлейтті аймақтардың табиғи жағдайына бейімделген, әсем пішінді және ашық түсті гүлдерімен ерекшеленеді. Ал қосгүлді қызғалдақ нәзік гүлдерімен және ерте гүлдеу кезеңімен назар аударады. Екі түрдің де ғылыми және табиғатты қорғау тұрғысынан маңызы зор.
Қорық әкімшілігі тұрғындар мен келушілерді сирек өсімдіктерге ұқыпты қарауға шақырады. Қызғалдақтарды жұлу, таптау немесе табиғи ортаға зиян келтіру олардың санының азаюына әкелуі мүмкін. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтау – табиғатты құрметтейтін әрбір адамның ортақ міндеті.
Барсакелмес қорығындағы қызғалдақтардың гүлдеуі аумақтың табиғи байлығы мен бірегейлігін тағы бір мәрте айқындап, сирек флора түрлерін қорғаудың маңыздылығын көрсетеді.
https://barsakelmes.kz/kz/zhanaly-tar/1811-barsakelmes-ory-ynda-yzyl-kitap-a-engen-yz-alda-tar-g-ldedi.html#sigFreeIda941ce7f82










