Сарсазан
Сарсазан (Halocnemum) - алабұталар тұқымдасына жататын бұта. Қазақстанда Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы өзен аңғарларында, сортаң топырақты ылғалды жерлерде, тұзды көлдердің жағалауларында өсетін 1 түрі - төмпек Сарсазан (H. strobіlactum) бар. Кейде оны тентек сораң не мырза сораң деп те атайды. Оның биікт. 5 - 40 см, сабағы көп бұтақты, төм. бөлігі ағаш тәрізді сүректенген. Жас өркендері шырынды, бунақты келеді. Жапырақтары жетілмеген қабыршақ тәрізді, қарама-қарсы орналасқан. Гүлдері қосжынысты, бір-біріне үш-үштен (кейде екіден) тығыз орналасқан масақ гүлшоғырына топталған. Тамыз - қыркүйек айларында гүлдеп, жеміс береді. Жемісі - тұқымша, ұзындығы 0,5 - 0,75 мм, екі бүйірінен қысыңқы, қоңыр түсті. Сарсазан өсімдік зиянкестері үшін улы өсімдік. Оны әсіресе түйе сүйсініп жейді, кейде отын үшін де пайдаланылады.