«Парктер шеруі» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері Ырғыз ауданына арнайы барып, бірнеше білім беру мекемелерінде экологиялық ағарту бағытындағы кездесулер өткізді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды. Кездесу барысында қорық мамандары оқушыларға Арал өңірінің табиғи ерекшеліктері, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметі туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері түсіндірілді. Танымдық сабақтар барысында оқушылар экология тақырыбында өз ойларын ортаға салып, мамандарға сұрақтар қойды. Табиғатты аялау, туған жердің табиғи байлығын сақтау және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі түсіндіру жұмыстары оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мұндай экологиялық-ағарту шаралар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сауаттылығын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар табиғатты қорғау мекемелері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
https://barsakelmes.kz/kz/ory-ty-yzmeti/ekologiyaly-a-artu-yzmeti/respublikaly-parkter-sherui-tabi-at-or-au-aktsiyasy/1971-barsakelmes-ory-yny-yzmetkerleri-yr-yz-audanynda-ekologiyaly-a-artu-zh-mystaryn-zh-rgizdi.html#sigFreeId9b04b27c2d










