Туған өлкені танып-білу – табиғатты аялаудан басталады. Туризм күніне орай мектеп оқушыларына Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері, бас экологиялық ағарту инженері А. Есенованың жетекшілігімен танымдық экскурсия өткізілді. Экскурсияның басты мақсаты – жас ұрпаққа туған өлкенің табиғи ерекшеліктерін таныстыру, қорықтың маңызын түсіндіру және оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында оқушылар Барсакелмес қорығының тарихы мен табиғаты, оның бірегей экожүйесі, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі туралы мол мағлұмат алды. Әсіресе қорық аумағында мекендейтін құлан, ақбөкен, қарақұйрық және басқа да сирек кездесетін жануарлар туралы қызықты деректер айтылды. Экскурсия барысында оқушылар қорық табиғатының ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, табиғи байлықтарды қорғаудың, биоалуантүрлілікті сақтаудың және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінді. Оқушылар экскурсияға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, табиғат туралы білімдерін толықтырды. Мұндай танымдық кездесулер балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Туризм – туған өлкені танып-білудің, оның табиғи және тарихи құндылықтарын бағалаудың маңызды құралы. Ал табиғатты таныған ұрпақ оны қорғаудың маңызын терең түсінеді.