Италақаз (лат. Tadorna tadorna) - қазтәрізділер отряды, үйрек тұқымдасына жататын құс. Италақаз республикамыздағы далалы, шөлейтті аймақтарда да тіршілік етеді.

Денесінің ұзындығы 63 см, қанатын жайғанда ұзындығы 110 см, қанатының ұзындығы 36 см, құйрығы 12 см, салм. 1,5 кг - дай. Басы және мойны жылтырақ қою жасыл түсті, бүйірінде қара дағы болады. Қауырсындарының түсі қара ала және онда сарыала жолақтары болады, бауыры ақ түсті, тұмсығы қызыл, жоғары қарай едәуір иіліп келген. Суда жақсы жүзеді.

Италақаз - жыл құсы. Қазақстанға ақпанның ортасында ұшып келіп, жұп құрып тіршілік етеді. Ұясын жердегі қуыстарға, кейбір сүтқоректілердің ініне, ескі қыстауларға салады. Ұясындағы 8 - 10 жұмыртқаны мекиені 30 күндей басады. Италақаз су шаяндарымен, моллюскалармен, кейде судағы балдырлармен қоректенеді.