Су тышқан (лат. Arvicola amphibius) – аламан тәрізділер тұқымдасының бір туысы, 4 түршесі анықталған. Қазақстанның батыс, солтүстік, орта, оңтүстік-шығыс аудандарына таралған. Теңіз деңгейінен 2800 м-ге дейін көтеріле алады. Құрлықта, суда тіршілік етеді. Денесінің ұзындығы 14 – 25 см, құйрығының ұзындығы 15 см-дей. Түсі қара қоңыр. Жаз айларында інді, ұяны паналап, өзен-көл жағалауындағы және судағы өсімдіктерді, ал қыста – ағаш тамыры мен қабығын қорек етеді. Қорек іздеуге түнде шығады. Жылына 4 – 6 рет, әр жолы 6 – 8-ден (кей жағдайда 14-ке дейін) балалайды. Егістікке, орман мен бау-бақшаға үлкен зиян келтіреді. Жан-жануарлар арасына туляремия ауруын таратады. Терісі аса бағалы болмаса да аз мөлшерде ауланады.