Жайын (Sіlurus glanіs) - жайынтәрізділер отрядына жататын жыртқыш балық. Жайынның майдасы лақа деп аталады. Қазақстанда Каспий, Арал теңіздерінде және бұларға құятын өзендерде кездеседі. Балқаш көлі мен Талас өзенінде жерсіндірілген. Аталығы аналығынан біраз үлкен. Ұзындығы 5 м-дей, салмағы 300 кг-ға жетеді. Жайынның түсі, әдетте, жасыл тектес ашық қоңыр, арқасы қара, бауыры ақ, бүйірінде түрлі дақтары болады. Басы жалпақ, үлкен, кеудесі қысқа, ұзын құйрығы екі бүйірінен қысыңқы, арқа қанаты кішкентай, құйрық қанаты астыңғы-үстіңгі қалақшаға бөлінбеген, ал құйрық асты қанаты өте ұзын келеді. Жақтарында өте майда, көп қатарлы тістері бар. Үстіңгі жақтарында екі ұзын, ал астыңғысында қысқалау төрт мұртшалары болады. Жайын 40 жылдай тіршілік етеді.