Ірі денелі (салмағы 14 кг-ға дейін) ақтүсті құс, тұмсығы – қызыл, оның үстінде қара шор байқалады. Жас құстар қоңыр-сұр түсті. Жүзгенде мойнын латынның S әрпі түрінде иіп ұстайды. Ұшып бара жатқанда алыстан қанаттарының ырғақты сусылдаған дыбысы естіледі; осысымен сұңқылдақ аққудан (Cygnus Cygnus) ерекшеленеді, соңғысының тұмсығы сары-қара, шор болмайды.Қазақстанның барлық суқоймаларында кездеседі. 5-7 жұмыртқа салады. Өсімдіктердің суасты бөлімдерімен қоректенеді. Өте көп болып Каспий теңізінде қыстайды.