Қарақұйрық - Gazella subgutturosa
Сымбатты жануар, сирақтары ұзын әрі жіңішке. Дене тұрқы - 100-125 см, шоқтығының биіктігі - 62-77 см, құйрығының ұзындығы - 10-23 см, салмағы - 20-33 кг. Еркегінің мүйізі бір-біріне қарап иілген, сұр-қоңыр түсті, ұзындығы 33-43 см, көлденең дөңес сақиналары бар. Ұрғашылары тоқал, бірақ кейбір түрлерінің өсе бастаған мүйіздері бар, ұзындығы 3-7 см.
Денесінің жоғарғы жағының тері жамылғысы қыста ашық қоңыр немесе құм тектес, жазда сұп-сұр. Денесінің төменгі жағы және құйрығының айналасындағы «айна» аппақ. Құйрығы қара-қоңыр түсті; қатерден қашқан кезде оны тік ұстайды.
Негізгі мекендейтін жерлері – түрлі, негізінен, тастақты және сазды, кейде өсімдіктері бар құмды шөлдер. Қыста қарақұйрықтар қар жамылғысы биік емес (10-15 см) жерлерде, жазда – суаттар бар жерлерде жүреді. Ашық жерде немесе қалың емес бұталы қопаларды жақсы көреді. Қорықта үстіртте және Қарын-Жарық ойпатында кездеседі.
Көбіне ерте таңда және кеште белсенді, бірақ қыста күндіз де қоректенеді. Шығаратын дыбысы – күйлеу кезінде (қазан-желтоқсанда) еркектері өзгеше қорылдайды.
Үлкен қарақұйрықтардың тұяқтары іздерінің ұзындығы 5-7 см, ені 3,5-4,0 см; олар алдыңғы жағы үшкір жүрек тәрізді пішінді. Тезегі – ұшы үшкір қара жаңғақтар.