Ақ таспа (Astragalus brahуpus) – бұршақ тұқымдасы, таспа туысына жататын бұта. Қазақстанда Каспий, Арал маңында, Қызылорда, Бетпақдала, Мойынқұм өңірлерінде Балқаш – Алакөл ойысында Іле Алатауындағы (Пұшықнұра) құмды және құмды-сазды жерлерде, бұталар арасында өседі. Биіктігі 60 – 100 см, жуан сабағын шашақталған қарабурыл қабық басқан. Жапырағы ұзынша келген 1 – 2 жұптан тұрады, ұзындығы 2 – 5 см. Гүлі қызғылт түсті, дәні қоңыр. Сәуір – маусым айларында гүлдеп, шілдеде жеміс береді. Ақ таспа – өте пайдалы өсімдік. Сәуір айында оның құрамында 26,1% протеин, 5% май, 12% күл, 18% клетчатка болады. Ақ таспа – құнарлы мал азығы 1 га алқаптан 3,3 ц. шөп жинауға болады. Ақ таспаны жазғытұрым және жаздың басында мал сүйсініп жейді. Өзен жағалауларын бекітіп, құм тоқтату үшін де өсіріледі.