Оқжылан (лат. Psammophіs lіneolatus) – қабыршақтылар отрядына жататын бауырымен жорғалаушы. Қазақстанның оңтүстігінде, көбіне құм топырақты далалы аймақтарды мекендейді. Денесі жіңішке, ұзындығы 120 см-дей. Басы сүйір, мойын жігі онша байқалмайды. Арқасы сұр, құм түстес не қоңырқай тартқан, екі бүйірінде ұзына бойына созылған қара жолағы бар. Қабыршағы тегіс. Өте шапшаң, оқтай атылып қозғалады, жыланның аты осы ерекшелігіне сай қойылған. Қорегін күндіз аулайды. Негізгі қорегі кесірткелер; жемтігін әуелі шағады, содан кейін денесімен қысып өлтіреді. Уы ұсақ жәндіктер үшін қауіпті болғанымен, омыртқалы ірі жануарлар мен адамдарға зияны жоқ. Олар жемтігін қуғанда құмның бетімен сусып зырғып отырады, сексеуіл бұтақтарына шығады. Оқ жылан көбіне адам қолының саусақтары мен аяқтың табанын шағады.