"Парктер шеруі"-2024 республикалық табиғат қорғау акциясы тәмамдалды Республикалық «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы Арал өңірінде 2000 жылдан бастау алып, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы жүргізіп келеді. «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы мектеп оқушылары мен жасөспірімдерді отансүйгіштік пен табиғатты аялауға, туған өлкеге жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуге үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, жергілікті халық арасында табиғи ортаны ластамауға, дала және орман өрттерінің алдын алуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында таптырмас құрал. Осы жылы «Парктер шеруі» - 2024 акцияның ашылу салтанаты «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кеңсе ғимаратында өткізілді. Іс-шара барысында оқушылар үйінің тәрбиеленушілерінің өнері тамашаланып, «Жабайы табиғатты қорғайық» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Үш ай көлемінде өтетін акция аясында мектеп оқушылары арасында Жас экологтар сайысы, жергілікті халықпен кездесулер, аудан мектептерінде дәріс және танымдық-экологиялық ағарту сабақтары жүргізілді. Сонымен қатар, акция аясында Қызғалдақтар Фестивалі, Барсакелмес қорығының биоалуантүрлілігі бойынша ұйымдастырылған фотожинақ залында экскурсиялар, әр түрлі тақырыптарда көрмелер және т.б. іс-шаралар жүргізілді. «Парктер шеруі» республикалық табиғат қорғау акциясы өңіріміздегі маңызды іс-шаралардың бірі. Сондықтан туған табиғатымыздың алдындағы адами және азаматтық парызымызды өтей білейік!