Ақ амур (лат. Ctenopharyngodon іdella) - тұқы тұқымдасына жататын тұщы су балығы.
Дене тұрқы 1 м, салмағы 32 кг - нан асады. Тұрқы жұмырлау, мұрты жоқ, маңдайы жалпақ, аузы сәл төмен қараған. 3 - 6 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Мамыр - шілде айларында өзен ағысымен жоғары өрлеп, уылдырық (2,5 млн - ға дейін) шашады. Уылдырық ағыспен ағып су қабатында дамиды.
Шабақтары балдырлармен, ұсақ су жәндіктерімен, ал ересектері су өсімдіктерімен қоректенеді. Амур өзенін және оның салаларын мекендейді.